Білім

Оқушы. Педагог. Мектеп

Облыстың білім саласы республика бойынша алдыңғы қатарда келеді. Бұлай деп айтуға толық негіз бар.

Қараңыз, мектеп бітірушілердің ҰБТ сынағы бойынша 2012 жылы облыс еліміз бойынша екінші орынды иеленді. Өткен жылы да алдыңғы бестіктен көрінді. Ал биылғы ҰБТ қорытындысында Алматы мен Астана қалаларынан кейін үшінші орынға шықты.

Ал республикалық, халықаралық білім сынақтарында жекелеген оқушыларымыз жеңімпаз атанып, бірқатары жүлдегерлер тобынан көрінді. Мәселен, физика пәні бойынша 45-рет өткен халықаралық олимпиадада Қазақстан оқушыларының командасы үш алтын, екі күміс медаль алып, 85 елдің арасынан 8-орынды иеленді. Команда сапында біздің Ақтөбе қазақ-түрік лицейінің оқушысы Әмір Бралин командаға алтын медаль сыйлады.

Математика пәні бойынша Бразилияда өткен халықаралық ғылыми олимпиададан 11-сынып оқушысы Райымбек Сәндібеков жеңімпаз атанып қайтты.

Техникалық шығармашылық және өнертапқыштық республикалық жарысында ақтөбеліктер биыл бірінші орынды иеленді.

— Оқушыларымыздың жоғары білім сапасына қол жеткізуіне ұстаздардың қосып отырған үлесі зор, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәния Исатаева. — Облыс мектептерінде еңбек ететін мұғалімдердің жартысының жоғары және бірінші дәрежелі санаттары бар. Биылғы жылғы республикалық конкурста 4 ұстазымыз «Үздік педагог» атанды.

Елбасының «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Жолдауында білім сапасын арттыру үшін апатты жағдайдағы мектептерді және үш ауысымды оқытуды жою міндеті қойылды. Қазіргі кезде біздің облыста осы міндеттерді орындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс бойынша 4 мектеп апаттық жағдайда, 6 мектеп үш ауысымды оқыту жүйесінде болып отыр. Осы олқылықтарды жою мақсатында Ембі қаласында жергілікті бюджет есебінен 320 орындық, Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында республикалық бюджет есебінен 300 орындық мектеп салынып жатыр.

Үш ауысымда оқытатын мектептер санын қысқарту үшін Ақтөбе қаласына қарасты Ақжар-2, Заречный-4 ауылдарында және қаланың 12-шағын ауданда мектептер салынды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button